«Қызыл орамалды Шынарым». Қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың әйгілі лирикалық драмасы алғаш рет Шымкентте сахналанды. Жұмат Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрындағы спектакльді арнамыздың түсірілім тобы да тамашалап қайтты. Қандай әсерде? Сюжеттен көрейік.
Шыңғыс Айтматовтың «Қызыл орамалды Шынарым» шығармасы қазақ көрерменіне бұрыннан таныс. Бұған дейін Алматы мен астаналық театр ұжымдары махаббат дастанын бірнеше жылдан бері сахналап келеді. Енді бұл қатарға Шанин театр қосылды. Шымкенттегі академиялық өнер ұйымы премьераны танымал кинодраматург Талғат Теменовтің режиссерлігімен қойып жатыр.
Шыңғыс Айтматовтың «Арманым Әселім» атты шығармасы негізінде қойылған спектакль бір-біріне ынтық екі ғашықтың салт-дәстүрден аттап қиындықпен қосылуымен басталады. Махаббаттың тәтті дәмін сезінуі көпке созылмай жігіттің сезімнің суығандығы да суреттеледі. Салдарынан жұптың екі жаққа кетіп, жарының қадірін түсінбеген Ілиястың өмірден баз кешіуі баяндалады. Осылайша, бүгінгі қоғамда да бар проблеманы әртістер өнерімен көпке түсіндіреді. Сол үшін де шығарма көптің көңілінен әлі күнге дейін шығып келеді.
Бұл спектакльдің дәл осы «Жастық бағын арман қостаған, Тағдыр бізді қалай қоспаған...» деп аталатын әуені де танымал. Ән шырқалған кезде қалың көрермен де қосыла кетеді. Қошеметін де аямайды. Лирикалық драманың саундтрегінің орындаушысы Бек Борбиев те Бішкектен Шымкентке арнайы келген.
Премьераны тамашалаған театр сүйер қауымның қатарында қала әкімінің орынбасары мен мәслихат төрағасы да болды. Спектакль соңында Сәрсен Құранбек Шыңғыс Айтматов тек қырғыздың ғана емес тұтас адамзаттың Айтматовы екенін, сондықтан алдағы уақытта да жауһар жазушының туындыларын насихаттай беру керегін айтты.
Қойылымда Мәдениет саласының үздіктері Жамилия Бекмұрзаева, Мөлдір Зияева өнер көрсетті. Басты рөлдегі Ілиясты Байдос Рахман, ал Әселді театрға дуалды оқыту жүйесімен келген Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының студенті Диляра Муратова сомдады.
Мәдени-рухани кештен қала тұрғындары мен қонақтары ерекше әсер алып қайтты. Премьера 31-қаңтар күні өтсе, театрсүйер көрермен спектакльді 1-2-ақпан күндері де көре аласыздар.