Абай мұрасы – қазақтың ең қасиетті, теңдесі жоқ алтын қазынасы. Жылдар өткен сайын халқымыз ғұлама ақынның рухани дүниесіне терең бойлап, оның ұлылығының тың қырларын ашып, жаңа сырларына қаныға түсуде. Ұлы ақынның 180 жылдық мерейтойы аясында қаламыздағы А. Пушкин атындағы әмбебап кітапханасында «Жас уақытта көңіл гүл» атты танымдық кеш ұйымдастырылды.
 Қазақтың маңдайына біткен шоқ жұлдыз, хакім Абайдың мұрасы – сарқылмас қазына. Оның жүрек шерімен жазған өлеңдерінің тағылымы тереңде жатыр. Абай жалғыз қазақ халқының емес, адамзаттың ұлы десек артық айтқандық емес. Дара тұлғаны қай жағынан дәріптесек те біздің елдік, халықтық парызымыз болып саналады дейді кітапханашылар.
ГҮЛЗИРА ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, А. ПУШКИН АТЫНДАҒЫ ӘМБЕБАП КІТАПХАНАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ  

«Бұл кештің мақсаты – Абайдың шығармашылығын насихаттау. Сонымен қатар, Абай дүниесіне балалардың ойын терең үңілтіп, түсіндіріп, адал азамат тәрбиелеуге бағыттау. Балалардың бойына рухани құндылықтарды сіңіруге ықпал ету. Жас буынды өз елін, жерін сүйетін, өзін сыйлайтын, халқын сыйлайтын, елге пайдасы тиетін азат қылып өсіруге атсалысу».
 Жастардың айтуынша, Абайдың 180 жылдық мерейтойы — тек бір ақынның жылдығы емес, ол бүкіл қазақ халқының рухани мұрасын қайта бағалап, оның терең философиясын бүгінгі күн тұрғысынан түсінуге ерекше мүмкіндік. Оқушылар Ұлы ақынның қара сөздерін оқып, өлеңдерін жатқа айтты.
Абайдың ғұмыры өткенді еске алу ғана емес, болашаққа бағдар жасап, елімізді одан әрі дамытудың негізін қалауға күш салуымызды талап ететін бірегей уақыт. Осылайша, еліміздің мәдениеті мен тарихына құрмет көрсетіп, ұлт руханиятын дамыту бағытындағы маңызды қадам. Абай шығармалары әлі талай ғасырларға жететін азық болары сөзсіз.