Облыс әкімі Арыста салынып жатқан «Жайлы мектептің» құрылыс сапасын сынға алды. Сағызша созылған нысанның жұмысын көріп қайтқан Нұралхан Көшербаев мердігер мекеме иелеріне қомақты айыппұл мен қара тізім күтіп тұрғанын айтып, қатаң ескертулер жасады. Өңір басшысы кемшіліктерді шұғыл ретке келтіруді талап етіп, уақыт берді.
Облыс басшысының құрылысы енді аяқталған дәрігерлік амбулаторияға табан тіреді. Ішкі әрлеу жұмыстарына да көңілі толмады. Қожатоғай ауылдық округінде бой көтерген медициналық нысан «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы аясында салынған. Әкім кем-кетіктерді ретке келтіруге 1 ай уақыт берді.
«Жайлы мектеп» жобасы аясында салынып жатқан 600 орындық мектептің жай-күйімен танысқан облыс әкімі Президент тапсырмасымен жүзеге асып жатқан мектептердің құрылысын жазға дейін аяқтауды тапсырды. Жауапсыздық танытқандардың тәртіптік жауапкершілігін қарауды міндеттеді.
 Аталған мәселелер бойынша жауапты басқарма басшыларына, қала әкіміне тиісті тапсырмалар берілді. Құрылыс қарқыны қатаң бақылауға алынды. Ұлттық жобаның бірыңғай операторы – «Samruk-Kazyna Construction» компаниясы. Осы жоба аясында облыста 29 жаңа мектеп ашылады.
Мемлекет қаржысына салынған нысандар сапалы әрі уақытылы аяқталуы тиіс. Сондықтан қос нысандағы кемшіліктер алдағы 1 ай көлемінде қалпына келтірілетін болды. Өңір басшысы Арыстағы келеңсіздік өзге аудандарда орын алмауын қадағалауды тапсырды.