Дүниежүзілік банк Қазақстан экономикасының болашағына қатысты болжамын жариялады. Халықаралық ұйым мамандарының айтуынша, мұнай өндірісін көбейту және фискалдық саясатының нәтижесінде 2025 жылы ел экономикасы 4,5- 5 пайызға өседі.
Ұйым жауаптылары инфляция деңгейі 2025 жылы 7,5-8%-ға дейін, 2026 жылы 6%-ға дейін біртіндеп төмендеуі мүмкін екенін айтып отыр. Зерттеуге сәйкес, Қазақстанның салықтық табыстары басқа елдермен салыстырғанда айтарлықтай артта қалып отыр. Бұл негізгі мемлекеттік қызметтің қаржыландыруын шектейді. Осыған байланысты банк мамандары фискалды мәселелерді шешуге қатысты ұсыныстарын да жазды. Ұсынылған реформаларға прогрессивті табыс салығына көшу, тиімсіз салықтық жеңілдіктерді кезең-кезеңімен жою, экологиялық мақсаттарға сәйкес акциз салығын қайта қарау және салықтық әкімшілікті жақсарту кіреді. Қазақстандағы инфрақұрылымның қазіргі жағдайы мемлекеттік инвестицияларды арттыруды талап етеді. Бұл өндіріс өнімділігін арттыруға және тұрақты әрі тиімді мемлекеттік қызметтерді қамтамасыз етуге қажет. Сондықтан ұзақ мерзімді даму басымдықтарын қаржыландыру үшін фискалдық табыстарды ұлғайту өте маңызды,-дейді Дүниежүзілік банк мамандары.