Бокстан жасөспірім қыздар арасында Қазақстан чемпионаты басталды. Жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен 220 спортшы қатысып жатыр. Олар 15 салмақ дәрежесі бойынша сынға түсіп, өзара мықтылықтарын танытатын болады.
Ел чемпионатында алғашқылардың бірі болып шаршы алаңға шыққан Сабина Кәрім Түркістан облысының намысын қорғауда. 40 келі салмақ дәрежесінде  астаналық спортшымен қолғап түйістірген ол айқын басымдықпен қарсыласын түзе бүктіріп, жеңіске бір табан жақындай түсті. Боксшы қыздың арманы – Азия, Олимпиада шыңын бағындыру.
САБИНА КӘРІМ,  ЖАС СПОРТШЫ 
«Менің қарсыласым Астана қаласынан. Ол да 40 келі салмақ дәрежесінде бокстасты. Спарингте ол көк бұрыштан, мен қызыл бұрыштан шықтым. Мен өз күшіммен ұттым. Ешқандай техниканы қолданбадым».
Сайысқа 12 мен 13 жас аралығындағы 220 спортшы қатысуда. Олар 15 салмақ дәрежесі бойынша сынға түсетін болады. Жарыс 4 күнге жоспарланған. Шаршы алаңда Шымкенттің намысын 15 спортшы қыз қорғайды.  
ҚАНАТ ОРАҚБАЕВ, КӘСІПҚОЙ БОКС ТҮРЛЕРІ КЛУБЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
«Бұл жерде енді Азия чемпионатына іріктеу деп аталады. Осы жерден 1,2,3 орын алған қыздар Қазақстан құрама командасына кіреді. Жарысқа Қазақстанның 20 өңірінен келіп тұр. Кейбір өңірлерден 20 қатысушы, кейбір өңірлерден 5 деген сияқты. Жалпы бәрінің дайындықтары күшті».
Соңғы жылдары елімізде қыздар боксы қарқынды дамып келеді. Қызығушылық артып, жас спортшылар арасында боксқа деген сұраныстың жоғарылағанын мақтанышпен жеткізген ұйымдастырушылар ел чемпонатында жеңіске жеткендер бокстан құрама команда сапына қабылданатынын мәлімдеді. Енді олар Азия чемпионатына дайындалмақ.