Биыл мыңнан астам су маманы біліктілік арттыру курстарынан өтеді. Су ресурстары және ирригация министрлігі таратқан мәліметке сәйкес, олардың 100-ден астамы Қытайда тәжірибе алмасады.
Ведомство биыл мыңға жуық су шаруашылығы маманын қайта даярлау үшін біліктілік арттыру курстарын ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Министрлік қытайлық Power China компаниясымен қазақстандық мамандарды ҚХР-да біліктілік арттыру курстарынан өткізу туралы келісімге келді. Сәуірде 30, одан кейін 25 адамнан құралатын бірнеше топ Қытайға барады. Курстар әр тоқсан сайын өтеді. Оған жалпы саны 105 маман қатысады.
«Мамандарды даярлау және қайта даярлау – еліміздің су саласын жаңғыртудың маңызды бағыты. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Тараз қаласында Ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті ашылды, онда 200-ге жуық студент оқиды. Біздің министрлік су саласы үшін кәсіби стандарттарды әзірлейтін кәсіптік біліктілік жөніндегі салалық кеңес құрды. Оның негізінде қазақстандық жоғары оқу орындары өздерінің білім беру бағдарламаларын өзектендіретін болады».  
ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі Су шаруашылығындағы адам ресурстарын дамыту басқармасы  
 Еске сала кетейік, былтыр 500-ден астам сушы мамандандырылған орталықтардың жанынан біліктілік арттыру курстарынан өтті. Бұл бастапқы жоспардан 12%-ға артық.