Қосымша құн салығы 12 пайыздық мөлшерлемеден 16 пайызға дейін көтерілмек. Бұл кәсіпкерлер мен өндіріс орындарына қалай әсер етеді? Бизнес өкілдеріне салынатын қосымша салық дүкен сөрелерінде тұрған азық-түлік, тұрмыстық керек-жарақ бағасын шарықтатып жібермей ме? Осы және осыған ұқсас өзге де сауалдар ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Құдайбергеновтің жергілікті кәсіпкерлермен өткізген кездесуінде кеңінен талқыланды.
Қазақстандағы қосымша құн салығы әлемдегі ең төмен мөлшерлеменің бірі саналады. Осылай деген вице-министр аталған салық түрін нығайту мемлекеттік кірісті арттырады, сондай-ақ мұнайға деген тәуелділікті азайтады, - дейді. Айтуынша бұл елдің инфрақұрылымы мен индустрияны дамыту бағдарламасын да қаржыландыруға сеп болады. Дегенмен вице-министр өз сөзінде ауыл-шаруашылық өнеркәсібін аталған қосымша құн салығынан босату жөнінде үкіметке ұсыным даярланып жатқанын айтты. Мұндағы мақсат – азық-түлік өнімдерінің бағасын шарықтатып алмау.
БАУЫРЖАН ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА ВИЦЕ-МИНИСТРІ
– «Ауыл шаруашылығы өнер кәсібі тиісті ҚҚС-ның 30 пайызын қазіргі таңда төлеп келеді. Енді олардан түгелдей ҚҚС алып тастау мәселесін көтердік. Қызылорда және Тараз өңірлерінен толық қолдау бар»
Кездесуге келген жергілікті кәсіпкерлер жаңа экономикалық реформаға қатысты өз пікірлерін айтып, вице-министрге бизнес өкілдерін толғандырған сауалдарды жолдады. Кәсіпкер Еркінгүл Оспаналиева қосымша құн салығының 4 пайызға артуы бизнес өкілдеріне ауыр соққы болатынын айтады. Оның пікірінше жаңашылдықтың бұл түрі кәсіпкерлерді әбден ақсатып, тіпті банкрот етуі мүмкін. «Мұның соңы жүздеген, тіпті мыңдаған жұмыс орындарының жабылып, жұмыссыздық деңгейінің өсуіне алып келеді», - дейді ол.
ЕРКІНГҮЛ ОСПАНАЛИЕВА, КӘСІПКЕР
– «Кәсіпкерлер біз тәуекелмен жұмыс істеушілерміз. Біздің барлық мүлкіміз банкте кепілдікте тұр. «Президентіміз биылғы жылды жұмысшылар жылы деп атады. Осы жұмысшы мамандықтары жылы жұмысшыларымыз жұмыссыз қалып кетпесін! Бірәз кәсіпкерлер жыл соңына дейін жұмыстарын жаппақ, сосын ондағы жұмысшылар қайда барады?»
М.Әуезов университетінің оқытушысы, экономика ғылымдарының кандидаты Қатира Мамутова да осы пікірде. Айтуынша кәсіпкерлерге салынатын салық мөлшерінің артуы нарық бағасын шарықтатып, әлеуметтік қажеттілік тауарларын қымбаттатады.
ҚАТИРА МАМУТОВА, ЭКОНОМИСТ-САРАПШЫ
– «Қазіргі сәтте елімізде 4 млндай шағын бизнеспен айналысатын кәсіпкер бар екен елімізде. ҚҚС жоғарылататын болсақ жұмыссыздар саны көбейіп мемлекет бюджетіне ауыр салмақ түседі.»
Жиын соңы жергілікті кәсіпкерлердің экономика вице-министріне сауал жолдап, жауап алуымен түйінделді. Әр сұраққа жеке-дара тоқталып, толыққанды жауап берген Бауыржан Құдайбергенов сөз соңында әрбір кәсіпкер айтқан ұсыным, талап-тілек түртіп алынғанын, үкімет деңгейінде қайта көтерілетінін жеткізді.