Абай күллі қазақ халқының болмыс бітім, ұлттық рух, салт-санасымен біте қайнасып оның тұрмыс-тіршілігін, жай-күйін, хал-ахуалын терең толғаған тұлға. Отты жырлары қара халықты оқуға, ғылым-біліммен қарулануға үндесе, қара сөздері қай тұстағы қисық-қыңыр, астамшыл мінезді ойып сынап, кертарпалықпен күресуге шақырған. Хәкім жырлары қатардағы қара сөздердің бірі емес, үңілсең үлгі алар, бағыт-бағдар ұсынар тұтас энциклопедия. Оны жас өрен санасына сіңіріп, ұмыттырмау – аға буын арқалаған айбынды жүк, абыройлы міндет! Осылай деген білім беру ісінің құрметті қызметкері, жерлесіміз Мұхтар Ыбырайымов бастаған топ Абай атындағы Республикалық мектеп-интернатына арнайы барып «Абайдан Абайға» атты танымдық кеш өтізді.
Кеш қонақтары дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернат оқушыларын Хәкім жайындағы тың ақпараттармен таныстырып, жан-жақты мағлұмат берді. Сондай-ақ Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің өкілдері Ахмет Байтұрсынов, Сәкен Сейфуллин, Халел Досмұхамедов, Темірбек Жүргенов сияқты ұлы тұлғалар сабақ берген еліміздегі тұңғыш оқу орныны жайында терең қаузап, жетістіктерімен бөлісті. Ойшыл есімін иеленген мектептің озық тұстарын баяндап, еліміздегі қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын жалғыз мектеп екеніне тоқталды.
МҰХТАР ЫБЫРАЙЫМОВ, ҚР БІЛІМ БЕРУ ІСІНІҢ ҚҰРМЕТТІ ҚЫЗМЕТКЕРІ
– Мектептің кейінгі жылдары бітірген түлектерінің өзі жоғары қызметтерде жүр. Мұндағы тақтайшада солардың суреттері тұр. Кейінгіге үлгі болсын деген мақсатта іліп қойғанбыз»
Мектеп оқушылары кеш қонақтарына арнап концерттік бағдарлама ұйымдастырды. Әуезді әнмен күмбірлеген күйді нақышына келтіре орындап, Хәкім шығармаларын оқыды. Танымдық кездесуден рухани шабыт алған 11 сынып оқушысы Елдос Сағатбекұлы: «Абай салған даңғыл жол ізінен ергенді адастырмайтын темірқазық» - дейді. Сөзінше Хәкім атындағы мектеп жас буын бойына білім мен мінез дағдыларын қатар сіңіреді.
ЕЛДОС САҒАТБЕКҰЛЫ, ОҚУШЫ
– «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес мінезден дейді. Ал бұл мектеп нағыз мінезді қалыптастырушы. Себебі бұл мектеп бірінші мінез береді сонан соң ғана ұлтқа деген отансүйгіштік қасиетін қалыптастырады.
Айта кетейік, педагог тұжырымдамасы, мұғалімнің жаңа тенденциялардағы келбеті талқыланған кеште жас өрен аға буынға өзін толғандырған сауалдарын жолдап, тұщымды жауап алды.