Түркістан облысы Келес ауданында былтыр төбелес пен ұрлық азайып, өз өзіне қол жұмсау дерегі сиреген. Қазір аймақта аудандық прокуратураның бастамасымен түрлі бағытта тәрбиелік кездесулер өтіп жатыр. Құқық қорғау орган өкілдері де жасөспірімдердің құқықтық сауатын арттыруға сеп болып жүр.
Қылмыстың алдын алу бағытында ауданда полиция бөлімі қызметкерлері мен ақсақалдар кеңесі, әділ билер мен дін өкілдері елдімекендерге шығып кездесу өткізіп жүр. Онда алаяқтық, мал ұрлығы, есірткі, психотропты заттар, кәмелетке толмағандарға қарсы құқықбұзушылық пен тұрмыстық зорлық-зомыбылық мәселелері сөз болды.
Өткен жылы жасөспірімдер арасындағы қылмыс саны - 4,2% азайған. Оның ішінде ауыр дене жарақатын келтіру - 50,0%, ұрлық - 46,2%, мал ұрлығы - 52,0% азайды. Алаяқтық - 41,9%, интернет алаяқтығы - 40,0%, тонау - 100,0%, жол көлік оқиғалары да кеміген. Аудан прокурорлары жасөспірімдер тарапынан жасалған әрбір қылмысқа зерделеу жүргізіп, салдарын жою жағын қолға алды.
Басқосулар орта мектептерде де ұйымдастырылды. Балалар мен ата-аналарға жасөспірімдерді өзігінен ойын-сауық орындарына жібермеу керектігі түсіндірілді. Балалардың ұялы телефонда кіммен сөйлесіп жүргені және тағы басқа жағдайлардан хабардар болу керегі ескертілді.
Мұндай кездесулер енді колледжде ұйымдастырылады. Айта кету керек, ауданда құрылған «Әділ билер» қоғамдық бірлестігі осы күнге дейін жер дауы, коммуналдық қызметкерлер мен тұтынушы азаматтар ортасындағы түсініспеушілікті оңды, әділ шешуге атсалысып келеді.