Халықтың мәселесі AMANAT назарында. Саяси ұйымның Шымкент қалалық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесі Әл-Фараби ауданы 276 орамына арнайы барды. Жұртшылықтың мәселесін тыңдап, мобильді қоғамдық қабылдау өткізді.
Қабылдауға келген тұрғындардың негізгі көтерген мәселелері инфрақұрылым саласымен байланысты болды. Қала көшелеріне асфальт төсеу, қоғамдық көліктердің бағытын өзгерту, автобус санын арттыру және жолдарды кеңейту сияқты маңызды тақырыптар қозғалды. Сонымен қатар кейбір азаматтар көшелерге атау беру мәселесін де көтерді. Бұл орамдағы кейбір жер телімдерінің нысаналы мақсаты тұрғын үйге жатпайды. Десекте инфрақұрылым жүргізіліп тұрғындар қоныстанып қалған. Тұрғындар қорасындағы жерін заңдастыра алмай жүр.
Бұл қоғамдық қабылдау алаңының ерекше маңызы бар. Халықпен тікелей кездесіп, олардың проблемаларын тыңдап, оң шешім табуына ықпал ету – партияның негізгі мақсаттарының бірі. AMANAT партиясы бұл жобаны тиімді жүзеге асырып, тұрғындардың көкейкесті мәселелеріне назар аударып келеді.
Қабылдауда көтерілген мәселелердің барлығы мұқият тыңдалып, депутаттық сауалдар әзірленіп, тиісті мекемелерге ресми хаттар жолданатын болды. Бұл қоғамдық қабылдау алаңы азаматтардың мәселелерін шешуде үлкен рөл атқарады. Партия мен халық арасындағы байланысты нығайтуда маңызды қадам болып табылады.