Қазақстанға заңсыз әкелінген смартфондар бұғатталады. Ереже 24 наурыздан бастап жұмыс істейді. Цифрлық даму министрлігі осындай ақпарат жариялады. Енді ұялы телефондар үш санатқа бөлінеді. Барлық дерегі заңды құрылғылар ақ тізімге, шығу тегі күмәнді телефондар сұр, ал тіркелмегендері қара тізімге енеді. Яғни бұғатталады. Ал сіздің қазір пайдаланып жүрген құрылғыңыз қандай санатқа жататынын тексеруге бола ма?
Көлеңкелі бизнестің көкесі смартфондар нарығында. Қазақстанға кірген телефондардың 70 пайызға жуығының салығы төленбеген. Мамандар осылай деп отыр.
БАУЫРЖАН ЫСҚАҚОВ ЭКОНОМИСТ
3,7 млн азаматтың қазіргі уақытта ІМЕІ коды қайталанады екен. Бұл алаяқтардың нағыз оңтайлы сәті. Яғни бір телефонның ІМЕІ кодын екі жерге бекіте отырып, ол банктен несие де алып қоюы мүмкін біреудің атынан деген сияқты. Яғни бұның әлеуметтік мәселелерге де тиімді қатысы бар.
Цифрлық даму министрлігі жаңа онлайн платформа да әзірлеп жатыр. Яғни, сіз өзіңіз сатып алғалы тұрған телефонның ІМЕІ кодан сол жерге енгізіп, құрылғының қай санатқа жатқызылатынын алдын ала анықтай аласыз. Ал, осы салада жүрген кәсіпкерлердің жаңашылдыққа қатысты пікірі екі ұдай. Бірі қолдаса, екіншісі бұл нарық тек ірі дүкендердің еншісінде қалады. Яғни монополистерді өз қолымызбен құрамыз деп қауіптенеді.
АРАЙЛЫМ ҚЫЗЫЛОВА САТУШЫ
Баға көтеріледі. Үйткені оның барлық алымдары мен салықтары толық төленеді. Тағы бір мәселе, қазір тауар тасып жүрген көп жеткізушілер сертификат ала алмайды. Ол мүмкін емес деуге болады. Бұл жағынан мемлекет көмек көрсетуі тиіс деп есептеймін. Дегенмен заң күшіне енгеннен кейін барлық азаматтарымыз таза, сапалы смартфондар ұстайды деп сеніммен айта аламыз.
Ал қазір қолданыста жүрген телефондарға қатысты министрліктен сұрадық. Жауабы келесідей.
АЗАМАТ СЕРІКТАЕВ - ҚР ЦДИАӨМ ТЕЛЕКОММУНИКАЦИЯЛАР КОМИТЕТІНІҢ ТІРКЕЛГЕН БАЙЛАНЫС ЖОБАЛАРЫН МОНИТОРИНГІЛЕУ ЖӘНЕ ДАМЫТУ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ
24 наурызға дейін сатып алынған, елімізге кіргізілген барлық құрылғылардың барлығы ақ тізімге енетін болады. Бұл тек қана 24 наурыздан кейін сатып алынған және 24 наурыздан кейін елімізге енгізілген телефондарға қатысты.
Ал, өзге елден жеке қолдану үшін сатып алынған смартфондар сұр тізімге жатқызылады. Кейін онлайн платформада оның заңды сатып алынғанын дәлелдеуіңіз керек. Яғни, жаңа заң жеке тұлғаларға емес, тек заңсыз саудамен айналысатын кәсіпкерлерге ғана қатысты болмақ.
ҚАЗАҚСТАНҒА ЗАҢСЫЗ КІРГІЗІЛГЕН СМАРТФОНДАР БҰҒАТТАЛАДЫ
