Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Мақтаарал ауданына іссапармен барды. Атакент кентінде орналасқан «Мақта және бақша ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы» ЖШС-де болып, атқарылған жұмыстар және жоспарымен танысты. Шаруақожалық төрағаларымен кездесіп, ұсыныстарын тыңдады. Кездесу барысында қос тарап мақта саласын дамытуда кең көлемде ғылыми-техникалық қызмет көрсетіп, мақтаны, бақша дақылдарын және көп жылдық шөптерді қолданудың жаңа мүмкіндіктерін ашу жайын талқылады.
Тәжірибе станциясында 54 қызметкер бар. Ғалымдар тарапынан 115 кітаптар, монографиялар, ұсыныс кітапшалар, әдістемелік нұсқаулықтар мен ғылыми еңбектер жинақтары жарық көрді. 2000-2025 жылдардағы зерттеулердің нәтижесінде тәжірибе станциясы селекционерлері бәсекеге қабілетті 13 жаңа мақта сортын шығарды. Отандық мақта сорттары облыстағы мақта егісінің 55-60%-ын алып отыр. Осы ғимаратта өңір басшысы шаруа қожалық төрағаларымен кездесіп, көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысын талқылады. Шаруалардың ұсыныс-пікірін тыңдап, сұрақтарына жауап берді. Кездесуде кәсіп иелері отандық мақта сорттарынан шит дайындау үшін мемлекеттік қолдаулар көрсету, «Ауыл аманаты» бағдарлама аясында берілетін несие, арнайы техника алу сияқты өзекті мәселелерді көтерді. Аймақ басшысы мемлекеттік бағдарламаларға тоқталып, қарастырылған мүмкіндіктер туралы баяндады. Биыл «Тұқым шаруашылығын қолдау» бағдарламасы арқылы отандық «Мақтаарал-4011», «Мақтаарал-5027» сорттарының бірінші және екінші репродукциялы тұқымдарының 50%-ы, элита тұқымдарының 70%-ы субсидияланады.
Облыс басшысы аудандағы Ақ алтын елді мекенінде өткен жылы іске қосылған «ZHANASSYL» мақта өңдеу зауытының жұмысын көрді. Индустриалды аймақта орналасқан жобаның жалпы құны – 2,5 млрд. теңге. Өндірілген өнімнің 80 %-ы Тәжікстан, Қырғызстан, Чехия, Қытай елдеріне экспортталып жатыр. Мұнда 60 адам қызмет етеді. Зауыт соңғы үлгідегі заманауи технологиялармен жабдықталған. Жылына 60 мың тонна мақта талшығын қайта өңдейтін зауытта жиым-терім науқаны кезінде 70-ке жуық жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылады. Өткен жылы кәсіпорын 15 мың тонна мақта қабылдаған.
Осы күні Нұралхан Көшеров Мақтаарал аудандық Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жаңа ғимаратында болды. 1984 жылы соғылған ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, биыл пайдалануға тапсырылған. Екі қабатты ғимараттың жалпы алаңы – 335 шаршы метр.