«Білім - бренд, кітап оқу - тренд». Өзбекәлі Жәнібеков университетінің ұраны осы. Оңтүстіктегі іргелі педагогикалық жоғары оқу орны «Халықаралық кітап сыйлау күніне» орай ерекше фестиваль өткізді. Оған әріптесіміз де қатысып қайтты, толықтырып өзі айтсын.
КҮНТУ АРЫНБЕК, ТІЛШІ
14 ақпан – Халықаралық кітап сыйлау күні. Дәл осы күні адамдар бір-біріне сыйластық пен құрметтің белгісі ретінде кітап ұсынады. Осы орайда Шымкенттегі жоғары оқу орындарында кітап фестивалі өтіп жатыр. Мұндағы мақсат – жастар арасында кітап оқу мәдениетін насихаттап, әдебиетке деген қызығушылықты арттыру.
Кітап думаны бірнеше бағдарламадан тұрады. Іс-шара аясында кітап жәрмеңкесі өтіп, «OiQazan» интеллектуалды сайысы ұйымдастырылады. «Білімдіден шыққан сөз» әдеби-танымдық кездесу өтеді. Сондай-ақ «Балаларға базарлық» қайырымдылық жобасын да қамтиды.
«Оқы және өзгеге ұсын!» атты кітап алмасу блиц-акциясын да өткізу жоспарланған. Онда университеттің кез-келген қызметкері мен білім алушысы оқыған кітабын буккросинг сөрелеріне қойып, орнына сол жерден өзі оқымаған кітабын алып кете алады.
Кітап фестиваліне қаладағы кітапханалар желісі мен республикалық баспаханалар қолдау білдірген. Сонымен бірге түрлі мекеме мен ұйымдар жоғары оқу орнының кітапхана қорын толықтырып, авторлар өз туындыларын студенттерге тарту етіп жатыр.