Келес ауданы, Ғани Мұратбаев ауылында командалық көкпардан 2005-2007 жылы туған жастар арасында облыстық чемпионаттың жалауы көтерілді. Дүбірлі додаға облыстың аудан-қалаларынан 13 команда қатысып, тартысқа толы ойындар өткізуде.
Атадан балаға мирас болып келе жатқан ұлттық құндылығымыз көкпар ойыны елімізде жыл санап дамып келеді. Осындай төл өнерімізді дәріптеу үшін ұйымдастырылған көкпар бәсекесі екі күн бойына жалғасып, үздіктер анықталады. Жарыстың салтанатты ашылу рәсімінде Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев, Түркістан облысының көкпар федерациясының президенті Ғани Ахметбаев, ардагер шабандоз Жасұзақ Сыдықов құттықтау сөз сөйлеп, шабандоздарға сәттілік тіледі.
Дүбірлі көкпар додасының алғашқы күні алаң иелері Келес ауданының құрамасы бәйдібектік жігіттер мен Отырар ауданының командасын айқын басымдықпен жеңіп, өздерінің мықтылықтарын көрсетті. Ал Ордабасы мен Жетісай аудандарының арасындағы кездесуде жетісайлықтар жеңімпаз атанды. Сондай-ақ, Сайрам мен Сауран арасындағы тартыста сайрамдықтар 5:0 есебімен жеңіске жетті. Ал, Шардара ауданының сайыпқырандары өткен жылғы чемпион атанған Қазығұрт командасын 2:1 есебімен тізе бүктірді.
Төл өнеріміз көкпар спорты Келес ауданында соңғы кездері жоғары дәрежеде ұйымдастырылуда. Әсіресе жастар арасында зор серпінге ие. Бұл туралы Келес аудандық ұлттық спорт клубының директоры Самат Ботанбаев айтып, ауданда ұлттық спортты дамытуда бірқатар жұмыстар атқарылып жатқанынтілге тиек етті.
Айта кетейік, бұл чемпионатта үздік деп танылған шабандоздар мен сәйгүліктер облыс құрамасына алынып, мамыр айында Алматы облысында өтетін ел чемпионатында өңір намысын қорғайды. Тартысқа толы көкпар додасында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге медальдар мен алғыс хаттар және кубоктар табысталса, демеушілер есебінен қаржылай да марапатталатын болады.