Түркістан облысында полиция алаяқтыққа қатысы бар деген күдікпен 35 азаматты ұстаған. Айта кетейік, биыл Түркістан облысында алаяқтық қылмысының 300-ден астам дерегі тіркелген. Полиция қызметкерлерінің айтуынша,  алаяқтықтың кең таралған түрлері ішінде қайтарымсыз грант шығару дерегі көш бастап тұр. Яғни грант алғысы келгендерге қатысты 66 дерек тіркелген.

Қанат Жолдасбек, тілші

Сондай-ақ тауарға алдын ала төлем жасау, жұмысқа орналастыру, автокөлікті құжаттандырып беру, кезексіз үй алып беру, несие шығарып беру, оқуға түсіріп беру, шет елге құжат рәсімдеу, мүгедектікке шығарып беру сынды мәселелер бойынша да алаяқтық деректері жиі тіркелген. Жалпы осы көпэпизодты қылмыстық істер бойынша 35 күдікті ұсталып, қамауға алынған. Тергеу жүргізіліп жатыр. Мәселен, Кентау қаласында мемлекеттік бағдарламамен үй алып беремін деп 4 бірдей тұрғынды алдаған күдікті ұсталған. Анықталғандай, 24 жастағы ер адам жәбірленушіге мемлекеттік бағдарламамен үй алуға көмектесетінін айтып, қызметі үшін алдын ала 500 мың теңге алған.  Бірақ, күдікті одан кейін үшті-күйлі жоғалған. Тәртіп сақшылары тексеру барысында күдіктінің дәл осындай үш жайтқа қатысы бар екенін анықтаған. Келтірілген шығын көлемі — 1,5 миллион теңгені құрайды. Қазіргі таңда күдіктінің ісі сотқа өткен. Бұл қылмыс түрінің алдын алу бойынша полицейлер үздіксіз жұмыс істеп жатыр. Десе де, алаяқтың арбауына түсіп, барынан айырылып қалатындар әлі де толастар емес. – деп хабарлайды Polisia.kz