Бүгін – көрісу күні, қазақтың амал мерекесі. Адамдар осы күні бұрынғы өкпе-ренішін кешіріп, бір-біріне амандық-саулық тілейді. Көрісу күнінде жасы кіші адам үлкен кісінің үйіне барып көрісіп шығады. Міндетті түрде кем дегенде үш үйдің есігін ашу керек деген ырым бар. Әсіресе құдайы көршіге алдыңғы ретте кіріп шыққан жөн.

 Осы уақытқа дейін батыс өңірінде тойланып келген мейрам кейінгі жылдары жалпыхалықтық сипат ала бастады. 2016 жылдан бері Республика көлемінде ауқым алып, аумағы кеңейді. Таң атысымен "Амал" мерекесін асыға күткен жұрт, іңір қараңғы түскенше бір-бірімен көріседі. Өкпе-реніштер кешіріліп, амандық-саулық тілеседі. Сондай-ақ, көрісе отырып, бір-біріне «Бір жасыңмен!», «Жасың құтты болсын!», «Жасың қайырлы болсын!» деп айтуы керек.  Дәстүр бойынша осы күні адамдар қариясы бар шаңыраққа кіріп, ақ дастарханнан дәм татып, амандық сұрасады. Бұл жоралғы жыл бойы балаларымыз тоқ жүрсін,  қарым-қатынасымызға сызат түспесін деген ниеттен туған. Ал, жастар  қара шаңыраққа барып әулет үлкендерінен ақ бата алғаны абзал.