Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. Ол қоғамның барлық саласында қолданылуы тиіс, оның ішінде қоғамдық тамақтану орындарында да кеңінен енгізілуі керек. Бірақ бүгінде мейрамханалар мен дәмханаларда қазақша мәзір мәселесі әлі толық шешімін тапқан жоқ. Бірқатар кәсіпкерлер бұл талапты ескермеуде. Ал тұтынушылар өз ана тілінде қызмет алудың қиындықтарына жиі тап болып жатады.
Қазағы басым қалада ас мәзірінің қазақша болуы кәсіпкерлікті көркейтпесе кедергі келтірмейді. Себебі тұтынушылар өз ана тілінде тағам таңдап еркін тапсырыс бергенді қалайды. Қоғамдық тамақтану орындарының ішінде мәзірді қазақшалауды алғашқылардың бірі болып Кәусар шайханалар желісі қолға алған. Ол жердегі жұмысшыларға да талап ортақ. Қарым қатынас мемлекеттік тілде жүреді.
Ана тілін ардақтау әр адамның парызы. Өзің өмір сүріп жатқан мемлекеттің тілін білу қоршаған ортаңа құрмет. Мегаполис тұрғндарының сүйікті мекеніне айналған Кәусар шайханалар желілерінің құрылтайшысы Ғани Шалқаров осындай ұстанымда.
ҒАНИ ШАЛҚАРОВ, КӘУСАР ШАЙХАНА ЖЕЛІЛЕРІНІҢ ҚҰРЫЛТАЙШЫСЫ
--- Мемлекеттік тілімізді дамыту үшін өз іс-әрекеттерімізді жасап жатырмыз бизнесте. Мәзір қазақ тілінде бағдарламаның бәрі қазақша. Осы жерде жүрген жұмысшылардың бәрі қазақ тілінде сөйлейді. Барлық амалымызды жасап жатырмыз.
Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» заңының 21-бабына сәйкес, елдегі барлық кәсіпорындар, мекемелер, соның ішінде қоғамдық тамақтану орындары да мемлекеттік тілде қызмет көрсетуі тиіс. Бұл олардың заң алдындағы міндеті ғана емес, тұтынушылардың конституциялық құқығы.Дегенмен, көптеген мейрамханалар мен кафелерде мәзір тек орыс немесе ағылшын тілінде жазылады. Бұл қазақ тілді тұтынушылар үшін үлкен қолайсыздық тудырып қана қоймай, кәсіпкерлердің заңды елемейтінін көрсетеді.