Түркістандық полицейлер ер адамның өмірін сақтап қалған. Ордабасы аудандық полиция бөліміне түнгі сағат 22:20 шамасында жергілікті тұрғын шағымданып, мас халдегі күйеуі мазасын алып жатқанын хабарлайды. Ақпарат алысымен учаскелік полиция инспекторлары оқиға орнына жедел жеткен. Үй иелері ер адамның қораға кіріп, содан шықпағанын жеткізеді. Оқиғаның мән-жайын анықтамақ болған полицейлер жекеменшік қораға жедел жетіп, нысанның іштен құлыптанғанын анықтайды. Темір есікті қағып, аша алмаған тәртіп сақшылары балта көмегімен қақпаны бұзып ашады. Ішке кірген полицейлер ер адамның жіпке асылып тұрғанын байқап, шұғыл ерекет жасайды. Азаматты дереу жерге түсіріп, алғашқы медициналық көмек көрсетеді де кәсіби дәрігерлерді шақырады. Қазіргі таңда ер адамның денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ. Одан әрі ерлі-зайыптылармен профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Бүгінгі таңда оқиғаның толық мәнжайы анықталып жатыр.