Шымкентке өзге мемлекеттерден келіп емделетіндер көбейген. Былтыр 150 шетелдікке ота жасалып, сәтті шыққан. Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметі бойынша науқастар нейрохирургия, кардиология және ортопедиялық ем түрлеріне жүгінген.
Тәжікстан азаматы Абдулахай Қасымов шипа іздеп Шымкентке арнайы келіпті. Инсульт алғаннан кейін миының бір бөлігін қанмен қамтамасыз ететін тамыр бітеліп қалған. Егер шұғыл операция жасалмаса, мүгедек болып қалуы мүмкін еді. Қазақстандық нейрохирургтардың кәсібилігі оның өмірін сақтап қалды.
АБДУЛАХАЙ ҚАСЫМОВ, ТӘЖІКСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АЗАМАТЫ
- Қан қысымым жиі көтеріліп, маза бермеді. Біздің орталық клиникада ультрадыбыстық зерттеуден өттім. Дәрігерлер тексеру қорытындысына сүйеніп, Қазақстанда операция жасатуға кеңес берді. Телефонмен байланысып, осында келдік. Қазір операциядан кейінгі жағдайым жақсы. Басымның айналғаны қойып, өзімді жақсы сезіне бастадым.
Былтыр қалалық №2 аурухананың нейрохирургиялық бөлімшесінде 35 шетелдікке медициналық ем көрсетілген. Жоғары санатты операциялар Өзбекстан, Тәжікстан, Қытай, Моңғолия, Швейцария және Ресейден келген науқастарға жасалған. Биыл да жергілікті дәрігерлердің жетекшілігімен озық технологиялық әдістемелер қолға алынды.
МАРАТ ҚҰЛМЫРЗАЕВ, НЕЙРОХИРУРГИЯ БӨЛІМШЕСІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ
- Инсульттен кейінгі жағдай, миды қоректендіретін тамырлардың аурулары болады. Мальформация, аневризма инсультке әкелетін. Иә, болмаса тамыр бітеле бастайды атеросклероз дейді. Қиын жерде орналасқан ісіктер болады. Оған жақсы микроскоп, тәжірибелі маман талап ететін жағдайларда олар таңдау жасап, бір-бірінен естиді. Қаншама адам осында ота жасатып кетіп жатыр. Сәтті өтіп жатыр.
Шетелдік науқастарды жоғары білікті мамандар, заманауи медициналық құрылғылар және төмен бағалар қызықтырады екен. Былтыр 150 адам нейрохирургия, кардиохирургия, ортопедия және травматологиялық ем түрлеріне жүгінген. Биыл медициналық туризмнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін дәрігерлердің біліктілігін жақсартуға мән берілді.
НҰРЛЫБЕК АСЫЛБЕКОВ, ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
- Біздің дәрігерлеріміздің, біздің мамандарымыздың біліктілігі ғой. Соны да біз көтеру үшін екінші жыл қатарынан шетелде оқытып жатырмыз. Былтыр 120 адамды осында келіп оқытқан. Биылғы жылы да 120-130 адамды оқытамыз мастер класспен және шығады. Өйткені барып тәжірибе көрген де дұрыс деп жатырмыз.
Медициналық туризм индустриясын одан әрі дамыту үшін инновациялық технологиялардың маңызы зор. Басқарма басшысының сөзінше, аймақта емдеу мекемелерін заманауи жабдықтармен қамту көрсеткіші 87,6 % жеткен. Енді кәсіби біліктілігін арттырған дәрігерлер емдеу әдістерін жетілдіруге мән бермек.