Шымкентте ардагерлердің жеке есепшоттарына әлеуметтік төлемдер аударыла бастады. Қалалық мәслихаттың шешімімен Жеңіс күніне орай бір реттік көмек берілетін болып келісілген. Міндеттемелер жоспарға сәйкес атқарылып жатыр.
ПЕРИЗАТ БИНАЗАРҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
Үшінші мегаполисте көзі тірі екі-ақ соғыс ардагері бар. Бірі - өткен айда 101 жасқа толған Нина Мосунова болса, ал екіншісі Брест қамалын басып, Варшава, Данск қалаларында шайқасқа қатысқан Мұраталы Төлепбергенұлы. Екінші дүние жүзілік соғыстың қос қаһарманына мемлекеттен 5 млн теңге көлемінде қаржы аударылмақ.
ҰЛДАНА БЕКБАУ, ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ
--- Айтып өтетін болсақ, мынау екі ҰОС ардагеріне төлем жүргіздік. 1272 АЕК ол 5 001 504 теңге көлемінде қаржылай әлеуметтік көмек аударылады.
ПЕРИЗАТ БИНАЗАРҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
--- Бұл ғана емес, ІІ дүние жүзілік соғыс ардагерлеріне теңестірілген 166 қартқа да 176 940 теңге шамасында көмек беріледі. Бұған 29,4 млн теңге көлемінде қаржы қарастырылған.
ҰЛДАНА БЕКБАУ, ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ
--- Тыл еңбеккерлері мен марапатталмаған ардагерлерге берілетін көмек - 15 АЕК немесе 58 980 теңге. Бұл топта 1586 адам бар, бөлінетін қаражат көлемі - 93,5 млн теңге. ҰОС мүгедектерінің жесірлеріне 58 980 теңге қаржылай көмек көрсетіледі.
ПЕРИЗАТ БИНАЗАРҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
Бұл көмекке 70 адам қол жеткізеді. Ол үшін 4,1 млн теңге қаржы жұмсалмақ. Ал қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына 58 980 теңгеден үлестірілмек. 170 адамға бөлінетін қаражат - 10,0 млн теңге. Мереке қарсаңында жалпы 1994 адамға бір реттік әлеуметтік көмек көрсетіледі. Барлығына бөлінген сома 147,1 млн теңгені құрап отыр.