Этносаралық татулық – ел іргесін бекітіп, ынтымақ-бірлікті ұштайды. Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кезекті отырысында қоғамдық тәртіп пен мемлекеттік тұрақтылық мәселелері сөз болып, жан-жақты талқыланды. Кеңес мүшелері сөз сөйлеп, баяндама жасады. Көзқарас әртүрлі болғанымен, мақсат-мүдде бір - ол - тәуелсіз елдің ертеңі мен жарқын болшағы.


 Алқалы жиынға Түркістан облысының әкімі – облыстық ҚХА-ның төрағасы Нұралхан Көшеров, ақсақалдар, аналар кеңесі мен этномәдени бірлестіктердің төрағалары, жастар және БАҚ өкілдері қатысты. Ассамблея тарапынан «Салауатты сана», «Адал азамат», «Елтану» «Қайырымдылық керуені» және «Шаңырақ» сынды бірқатар тың жобалар іске асырылуда. Басқосуда іс-шаралардың тиімділігі мен кем-кетігі талқыланды.


 Жиында кеңес мүшелері дауыс беру арқылы облыстық ассаблея төрағасының орынбасарларын тағайындады. Жауапты міндет – өзбек этно-мәдени бірлестігінің төрағасы Бахадир Ирисметов пен түрік этно-мәдени бірлестігінің төрағасы Сарманбай Сафаровқа жүктелді. Ал жастардың атынан бұл лауазымға «Жастар рухы» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы Жансерік Жұман сайланды.


 Кеңес отырысын қорытындылаған облыс әкімі Мемлекет басшысының ҚХА-ның 33-сессиясында берген тапсырмалары сапалы орындалу қажеттігін атап өтті.