Еуроодақ елшілері Шымкентті аралап болып, рухани астанаға атбасын бұрды. Оларды облыс әкімі Нұралхан Көшеров күтіп алып, Түркістанның тарихымен таныстырды. Өңірдің экономикалық өсу қарқынын жан-жақты түсіндірді. Сонымен қатар облыстың инвестициялық, туристік әлеуеті мен байланыстарды нығайту, әріптестік орнату жолдары да талқыланды. «Достық үйі» ғимаратында өткен кездесуді тілшіміз тарқатып айтып берсін.


 Басқосуда облыс әкімі өңірдің әлеуетін сөз етті. Халық тығыз орналасқандықтан аймақта жұмыс күші, кадрлар жеткілікті. Аймақ бизнеске бағытталған. Мұнда 210 мыңнан астам шағын және орта бизнес өкілдері, оның ішінде 160 шетелдік инвестор қатысатын компаниялар жұмыс істейді. 2018 жылдан бастап облысқа 9 млрд. АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылды. Өнеркәсіп, жылжымайтын мүлік, ауыл шаруашылығы, туризм және жаңартылатын энергия көздерін дамытуға басымдық беріліп отыр.


НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

--- Сіздерді Түркі дүниесінің рухани ордасы, Қазақ хандығының астанасы болған қасиетті Түркістан қаласында қарсы алғаныма қуаныштымын. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Түркістан – еліміздің тарихи-мәдени орталығы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының қолдауымен аймақты дамыту жұмыстары қарқынды жүруде. Батыс пен шығыс арасындағы сауда қатынастары және көптеген тарихи нысандар Түркістанның Орталық Азиядағы инвестициялар мен туризмді тартудың орталығы болу мүмкіндігін ұлғайтады.


 Кездесуде Түркістан облысының әлеуеті жоғары екені айтылды. Қонақтар әріптестікті нығайтуға қолдау көрсететін боп келісім жасасты.


РОМАН ВАСИЛЕНКО, ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ

--- Қаланың жүрегі – түркі халықтарының рухани көсемі Қожа Ахмет Ясауи кесенесі. 2018 жылы құрылған Түркістан облысы сауда-экономикалық байланыстар мен өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтудің үлкен әлеуетіне ие. 2025-2028 жылдары 19 мың жаңа жұмыс орнын құру көзделген. Облыста TURAN арнайы экономикалық аймағы және индустриалды аймақтар, өндірістік парк жұмыс істейді. Еуропа кәсіпкерлерімен әріптестік орнатып, жобаларды жүзеге асыруға дайынбыз


Түркістан облысының бірнеше туристік нысанын аралаған елшілер аймақтың туристік әлеуеті, бай тарихы мен шежіресіне қызығушылық танытып, бұл саланы дамыту мүмкіндігі жоғары екенін атап өтті. Сонымен бірге инвестициялық алаңдар, инвесторларға жасалатын мүмкіндіктер туралы сұрақтарын қойып, тиісті мағлұмат алды.


Кездесуден кейін еуропалық елшілері Түркістан маңындағы шағын өндірістік парк пен идустриалды алаңдарды аралап, мүмкіндіктерімен танысты. Айта кетейік, елшілер Түркістан облысындағы тарихи және туристік орындарды аралады. Осы сапар барысында меймандарға Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен жаңарған Түркістан шаһары да таныстырылмақ.