Ата-аналар әскердегі балаларымен кездесіп, қызмет ету жағдайымен танысты. «Армия ана көзімен» айлығы аясында «Аналардың жүрегі» комитетінің өкілдері 10216 әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің әскери бөлімінде болып қайтты. Ашық кездесу барысында келушілер бөлім сарбаздарының жеке құрамымен кездесу өткізіп, ашық сұхбат жүргізді.
Әскери қызметшілердің қызмет ету жағдайларын, тұрмыс-тіршілігін, моральдық ахуалын сұрастырды. Олар сарбаздардың асханасын аралады, азық-түлік өнімдерін сақтау тәртібі мен жарамдылық мерзімін көрді. Сонымен қатар медициналық пункттерді аралады, қызметкерлермен әңгімелесіп, медициналық көмекке жүгіну журналындағы жазбаларға көз жүгіртті. Бөлім басшылығының қолдауымен келген қонақтар казарма мен теориялық және практикалық сабақтар өткізуге арналған кабинеттерді де аралады. Ата-аналар мен қоғамдық ұйым өкілі әскери қызметкерлердің қызмет етуіне және демалуына қолайлы жағдай жасауға ықпал ететін тәртіп, тазалық пен ұйымшылдықтың жоғары деңгейде екенін атап өтті. Мұндай кездесулер жас әскери қызметкерлердің өмірінде маңызды рөл атқарады, олардың Отан үшін қызмет етуге ынтасын арттырады. Қоғам өкілдерінің келулері сарбаздар арасында қолдау мен қамқорлық сезімін нығайтуға көмектеседі, -дейді ұйымдастырушылар.