Шымкентте «Children paralympic Games-2025» инклюзивті спорт фестиваліне іріктеу өтті. Іс-шараны «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық қоры «Саламатты болашақ» әлеуметтік жобасы аясында ұйымдастырды. Жарыста жеңгендер маусым айының 26-28 күндері Астана қаласында өтетін паралимпик ойындарында өнер көрсететін болады.
«Саламатты болашақ» жобасы Шымкент қаласында өз жұмысын 2020 жылы бастаған болатын. Жоба аясында 100-ден астам бала 5 түрлі секцияға қатысып, жыл бойы тегін спортпен шұғылданып келеді. Іс-шараның мақсаты – мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдердің спортпен айналысуға ынтасын арттыру, спорт саласындағы ерекше күтімді қажет ететін адамдардың мәселелеріне қоғам мен биліктің назарын аударту.
САДЫРЖАН ТАИРОВ, ЖАРЫСҚА ҚАТЫСУШЫ
--- Бұл таеквондо спорты оңай болған жоқ. Бірінші жарыс болған соң барымды салдым тырыстым 1 орын алуға. –Қарсыластың деңгей қандай болды? Қиынға соқты ма? –Ия, қиынға соқты бірақ мен бар күшімді салып жеңіп шықтым. –Енді Астана қаласына барасың ба? –Ия, Аллабұйырса барамыз. –Ол жаққа дайындық қалай? -Дайындық өте зор.
Іс-шара ерекше күтімді қажет ететін жастарды дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысуға, белсенді өмір салтын нығайтуға, өзара сыйластықты арттыруға, инклюзияны дамытуға бағытталған. «CHILDREN PARALYMPIC GAMES 2025» инклюзивті спорт фестивалінің марапаттау рәсімінде таеквондо және жүзу секциясы бойынша жеңімпаздар марапатталды.
Ойында церебральды сал ауруы, көру, есту қабілетінің бұзылуы, Даун синдромы, аутизм, бұлшықет дистрофиясы, сөйлеу дамуының кешігуі сияқты диагноздары бар спортшылармен қатар дені сау балалар да топқа бөлініп, тең физикалық және интеллектуалды мүмкіндіктерді ескере отырып, өзге қатысушылармен бәсекелеті. Айта кетейік, «Children paralympic Games-2025» жеңімпаздары республикалық додада сайысатын болады.