Футболдан UEFA Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңінде бүгін алматылық «Қайрат» Словакияның «Слован» командасымен шеберлік байқасады. Ойын Алматыдағы Орталық стадионда өтеді. Басталуы — қазақстандық уақытпен 20:00-де. Матчты «Qazsport» телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.


 Кездесуді Нидерланды елінің төрешісі Сердара Гэзюбююк басқарады. Оған көмекке Эрвин Зейнстра мен Патрик Иниа келеді. Ал төртінші төреші міндетін Янник ван дер Лаан атқарады. Еске салайық, «Қайрат» бірінші және екінші іріктеу кезеңдерінде Словенияның «Олимпия» клубын (1:1, 2:0) және Финляндияның КуПС командасын (0:2, 3:0) көрсеткішпен жарыс жолынан ығыстырды. Ал «Слован» болса, Босния және Герцоговинаның «Зриньски» клубын (4:0, 2:2) жеңіп, келесі кезеңге жолдама алған еді. Айта кетейік, словакиялық команданың бас бапкері — қазақстандық жанкүйерлерге жақсы таныс Владимир Вайсс. Ол 2013-2015 жылдары «Қайраттың» тізгінін ұстаған. Қазіргі таңда команда құрамында қазақстандық «Қайсар» және «Астана» сапында ойнаған армениялық футболшы Тигран Барсегян да бар. Бүгінгі ойынның қарымта кездесуі 12 тамызда Словакия астанасы Братиславада өтеді. Егер «Қайрат» бұл кезеңнен сүрінбей өтсе, плей-оффта Шотландияның атақты «Селтик» командасымен күш сынасады. Ал Чемпиондар лигасынан тыс қалса, Еуропа лигасының плей-оффында Швейцарияның «Янг Бойз» клубымен кездеседі.