Шымкентте 800 азаматқа жұмыс ұсынылды. Жұмысшы мамандықтар жылы аясында қолға алынған бос жұмыс орындарының жәрмеңкесіне 400-дей мекеме қатысты. Онда екі қолға бір күрек іздеген жандарға жолдама берілді. Прокуратурамен бірлескен ашық есік күнінде азаматтарға тегін құқықтық кеңес те берілді.
Қаратау ауданына қарасты Сайрам тұрғын алабында өткізілген шараға келушілердің қарасы қалың. Олардың бірі «Жастар практикасы» бойынша жұмыс іздесе, енді бірі субсидия берілетін жұмыстан үмітті. Дәл осындай азаматтар үшін 2000 жұмыс орны ұсынылып жатты.
Шарада пробация қызметіндегілерге де жұмыс орындары ұсынылды. Олар заңгерлерден тегін құқықтық кеңес алып, өздерінің икеміне қарай жұмысқа жолдама алды.
Айтып өтейік, Қаратау ауданының Сайрам тұрғын алабы халқы тығыз орналасқан елді мекендердің бірі. Сондықтан осы аймақта ашық есік күндері жиі өткізіліп тұрады. Кезекті шарада пробация қызметіндегі 50 азамат жұмысқа жолданды.