Шымкентте түн ауасында көше кезетін жасөспірім көбейген. Мамандар рейд жасап, тексеріп кеткеннен соң далаға қайта шығатын көрінеді. Бұл туралы Құрсай шағынауданының тұрғындары айтып отыр. Құқық қорңғаушылармен кездескен ата-аналар дүкендерде темекі мен ішімдік сатуға тосқауыл қою, түн ауасында мапед айдаушылармен күрес сынды жұмыстарды жандандыруды сұрады.
Құрсай шағынауданында халық тығыз орналасқан. Осы аймақта жасөспірімдер түн ауасында көше кезетін көрінеді. Тұрғындар осы мәселеге полицейлер жүрдім-бардым қарамаса екен деген өтініштерін жеткізді.
Тұрғындар сондай-ақ, дүкендердің жұмыс кестесін тәртіпке келтіру мәселесін көтерді. Айтуларынша тәулік бойы жұмыс істейтін орындар ішімдік пен темекіні шектеусіз саудалайтын көрінеді.
Соңғы уақытта қоғамдық мәселеге айналған мапед те сөз болды. Жасөспірімдер әсіресе түнгі уақытта электро көліктермен көп жүреді,-дейді. Бұл тұрғындардың түнгі тыныштығын бұзған. Жиында көтерілген мәселелер енді жіті бақылауда болмақ. Тәртіп сақшылары тұрғындарға осындай уәделерін жеткізді.