Шардара су қоймасының су көлемі азайған. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров ауданға кезекті рет жұмыс сапарымен барып, ауыз сумен қамту бағытындағы жұмыстарды қадағалады. Шардара қаласының бас су торабында мамандармен кеңесіп, тиісті тапсырмалар берді.


 Аталған мәселе бойынша қаланы жедел ауыз сумен қамтамасыз етудің іс-қимыл алгоритмі бекітілген. Алгоритмге сәйкес, ауыз су тәуекелдерін басқару бойынша жедел штаб құрылды.Қазір су қоймасындағы су көлемі 401 млн текше метрді құрайды. Ал, қалада 31 883 тұрғын 6520 абонент, 85 көпқабатты және 4 833 жеке тұрғын үй бар. Жалпы су тасымалдауды 85 көпқабатты және 64 жеке үй қажет етіп тұр. Көпқабатты тұрғын үйлер орналасқан «Абай», «Қызылжар», IV және «Асем-ай» ықшам аудандарына 28 дана су жинау ыдысы орнатылды. Бұл ыдыстарды тұрақты ауыз сумен толтыру үшін 10 арнайы су тасымалдайтын көлік жұмылдырылып, «Өтеғұл» шағын ауданының бас су торабындағы ұңғыма пайдаланылды. Қазір құдығы бар үйлерге су тасымалдау жұмыстары жүргізілуде.