Түркістан облысында жедел медициналық жәрдем қызметінің сапасын арттыру мақсатында 60 жаңа санитарлық автокөлік алынып, медициналық мекемелерге табысталды. Жаңа көліктердің жалпы құны 4,2 млрд теңгеден асады. Заманауи жабдықтармен толық жабдықталған жедел жәрдем көліктері облыстың барлық аудандары мен қалаларына таратылып, жедел жәрдем қызметінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.


Жаңа техниканың медициналық құрал-жабдықтары ересектерге де, 1 жастан асқан балаларға да арналған. Автокөліктер портативті өкпені жасанды желдету аппаратымен, дефибриллятормен, жүрек-өкпе реанимациясына арналған жиынтықпен, электрокардиографпен жабдықталған.


Түркістан қаласында 570 төсек-орындық көпбейінді аурухананың құрылысы аяқталуға жақын. Бұл нысан іске қосылғанда 1200-ден астам медицина қызметкері жұмысқа тартылады. Біріккен Араб Әмірліктерінің Абу-Даби қорымен әріптестік аясында 80 төсек-орындық перзентхана салынуда. 60 орындық оңалту орталығының құрылысы аяқталып, жақын арада пайдалануға беріледі.


Халық саны мен қажеттіліктің өсуіне байланысты, жедел жәрдем қызметіне деген сұраныс жыл санап артып келеді. Егер 2023 жылдың 8 айында жедел жәрдемге 512 мың шақырту тіркелсе, 2024 жылдың 8 айында бұл көрсеткіш 635 мыңға жеткен. Яғни, 123 мың шақыртуға артқан. Осыны ескерген өңір басшылығы 2023 жылы да 88 санитарлық автокөлік сатып алған болатын. Бұған қоса, 2 реанимобиль нәрестелерге арналған арнайы көлік ретінде сатып алынды.


 Жаңа көліктердің артуы шұғыл медициналық көмекті көрсету уақытын қысқартады. Әсіресе шалғай ауылдар мен жедел медициналық қолдау қажет аудандар үшін бұл – нақты көмек.