Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков «Оңтүстік» индустриялық аймағында орналасқан бірқатар өндіріс орындарының жұмысымен танысты. Алдымен техникалық кремний шығаратын «Ferrum-Vtor» ЖШС кәсіпорнына барып, кәсіпорынның даму жоспарларын қарады.
Бұл өндіріс жылына 20 мың тонна өнім шығаруды және 300 адамды жұмыспен қамтуды көздейді. Компания басшылығымен мемлекеттік қолдау шаралары мен қосымша пештерді іске қосу мәселесі талқыланды. Жобаны кеңейту арқылы өнім көлемі екі есеге – 40 мың тоннаға дейін артпақ. Бұл қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Әкім сондай-ақ алюминий қорытпаларын өндіретін «ЦветЛит» және алюминий қалбыры мен кабельдік өткізгіш шығаратын «Alu Tech» кәсіпорындарын аралады. Мұнда жүзден астам жаңа жұмыс орны ашылған. Іссапар барысында қала басшысы «Сәуле» шағынауданында салынып жатқан сервистік орталықтың құрылысын тексерді. Тұрғындарға шұғыл көмек көрсететін нысанды сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтау тапсырылды.
Сонымен қатар, Тұран ауданындағы А-2 айналма жолының құрылысы, «Ақжар» электр тарату станциясы және «Айкөл» тұрғын алабына апаратын 17 шақырымдық жолдың асфальтталу барысы бақыланды. Жыл соңына дейін пайдалануға берілетін «Ақжар» станциясы әуежайды, «Құрсай» шағынауданын және көлік-логистикалық орталықты тұрақты электр энергиясымен қамтитын болады. Қала әкімі соңында зообақтағы жағдайды бағалап, мекеме басшылығына тазалық пен инфрақұрылымды ретке келтіруді, көгалдандыруды күшейтуді және ақпараттық стендтерді жаңартуды тапсырды.