Түркістан облысында жалпы құны 86,5 миллиард теңгені құрайтын «Turkistan Textile» тоқыма кластерінің құрылысы жүріп жатыр. Жоба толық өндірістік циклді қамтып, екі мыңнан астам адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етпек.


Облыс әкімі Нұралхан Көшеров құрылыс барысымен танысып, жобаның өңір және ел экономикасы үшін маңызын атап өтті. Оның сөзінше, бұл – Қазақстандағы ең ірі тоқыма өндірістерінің бірі болмақ. Кластер мақта өсіруден бастап дайын өнім шығаруға дейінгі барлық кезеңді қамтиды. Бұл экспортқа бағытталған бәсекеге қабілетті өнім өндіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жергілікті фермерлер үшін тұрақты өткізу нарығы қалыптасып, агросектордың дамуына серпін береді. Қазір өндірістік ғимараттар мен жұмысшыларға арналған жатақхана құрылысы аяқталуға жақын. Кәсіпорынның алғашқы кезеңі биыл іске қосылмақ. Толық өндіріс келер жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі. Жобаны халықаралық деңгейде танымал Қытайлық «Lihua Group» компаниясы қаржыландырып отыр.