Бүгін елімізде Қазақстан халқы тілдері күні аталып өтуде. Бұл мереке 2017 жылдан бері қазақтың ұлы ағартушысы, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай белгіленген. Шымкентте 1997 жылдан бастап тілдерді оқыту-әдістемелік орталығы жұмыс істейді. Мұнда мамандар қала тұрғындарына тегін тіл үйретеді. Өзге тілдің бәрін білуге тырысатын жастардың ана тілге деген құрметі қандай? Тілші жалғастырады.


Тіл үйрену арқылы танымын кеңейтіп жүрген белсенді жастың бірі – Мирас. Төрт тілде еркін сөйлейтін жасөспірім қазір смартфон арқылы француз тілін үйреніп жүр. Ол өзге елдің тілін меңгеру арқылы халықтың мәдениеті мен тарихын түсінгісі келетінін айтады.


МИРАС ӘШІРБАЙ, ОҚУШЫ

Мен әзірге қарапайым деңгейін меңгеріп жүрмін. Ол елде қандай тағамдар бар, ұлттық әні, киімі, дәстүрі қандай – соны білуге болады. Осы арқылы сол мемлекеттің деңгейін, тарихын танимыз.


Мирас сияқты тіл үйренгісі келетіндер үшін Шымкентте арнайы орталық жұмыс істейді. Мұнда мамандар жыл басынан бері 500-ге жуық азаматқа қазақ тілін үйреткен.


ГҮЛМИРА ЖАНЫСБЕКОВА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ТІЛДЕРДІ ОҚЫТУ-ӘДІСТЕМЕЛІК ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ

Біздің орталықтың негізгі жұмысы – тіл білгісі келетін барлық азаматты тегін оқыту. Қалада көп адам мұндай орталықтың барын біле бермейді. «Сіздер тегін оқытасыздар ма?» деп таңғалады. Иә, бізде оқыту толықтай тегін.


 Қазақстанда бүгінде жүзден астам ұлт пен ұлыс өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Әрқайсысы өз ана тілін сақтап, дамытуға мүмкіндікке ие. Ал мемлекеттік тіл – қазақ тілі барша қазақстандықтарды біріктіретін басты құндылық болып қала береді.