Түркістан облысында күзгі әскерге шақыру науқаны басталды. Биыл көктемгі шақырылымда аймақтан 2500-ге жуық жас азамат Отан алдындағы борышын өтеуге аттанса, күзгі науқан барысында бұл көрсеткіш 2500-ден асады деп жоспарланып отыр.


Осыған байланысты облыс әкімінің бірінші орынбасары, облыстық шақыру комиссиясының төрағасы Зұлпыхар Жолдасовтың жетекшілігімен арнайы мәжіліс өтті. Жиынға Жұмылдыру даярлығы, аумақтық қорғаныс және азаматтық қорғау басқармасы, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент, денсаулық сақтау, білім басқармалары мен облыстық полиция департаментінің өкілдері, сондай-ақ аудан-қала әкімдерінің орынбасарлары бейнебайланыс арқылы қатысты. Кеңес барысында медициналық комиссиялардың жұмысы, әскерге шақырылған азаматтарды бекетке жеткізу, сондай-ақ әскери қызметтен жалтарудың алдын алу мәселелері талқыланды. Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары Қуанышбек Кулумбаев, денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Сатыбалды және полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасы басшысының орынбасары Ермек Өсербаев баяндама жасады. Жиын қорытындысында облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді. Мәжіліс соңында жауапты мекемелердің ұсыныстары хаттамаға енгізіліп, тапсырмалардың орындалуы қатаң бақылауда болатыны айтылды.