Түркістанда спорт саласы жаңа оқу жылына дайын. Бүгін «Ұлы дала елі» орталығында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының кеңейтілген мәжілісі өтті. Жиынға сала мамандары, жаттықтырушылар мен спорт мектептерінің басшылары қатысты.


 Басқарма басшысы Ғалымжан Худияров жиынды ашып, биылғы жартыжылдықтағы жетістіктерге тоқталды. Оның айтуынша, облыс спортшылары Әлем, Азия және Қазақстан чемпионаттарында 909 медаль жеңіп алған. Бұл өңірдің спорт әлеуетінің артып келе жатқанын көрсетеді. Қазіргі таңда облыста 3540 спорт нысаны бар. Соның 86 пайызы ауылдарда орналасқан. Спорт инфрақұрылымымен қамту деңгейі 43,5 пайызға жетті. Жыл соңына дейін тағы 54 жаңа нысан пайдалануға берілмек. Кеңейтілген мәжілісте төрт негізгі мәселе қаралды. Мамандар спорт инфрақұрылымын дамыту, жасөспірімдер арасында бұқаралық спортты насихаттау және жаттықтырушылардың біліктілігін арттыру бағытында ұсыныстарын ортаға салды. Жиын соңында «Спорт күні» кәсіби мерекесіне орай сала ардагерлері мен үздік жаттықтырушылар марапатталды. Оларға ҚР Туризм және спорт министрлігінің «Төс белгісі» мен «Құрмет грамотасы», облыс әкімі мен облыстық мәслихаттың алғыс хаттары табысталды.