Төлеби ауданы, Қасқасу ауылдық округіне қарасты Кеңесарық ауылында жаңа спорт кешені пайдалануға берілді. Құны 160 миллион теңге болатын нысан толықтай жеке демеушінің қаражатына салынған.
Заманауи кешен ауыл жастарына салауатты өмір салтын ұстанып, түрлі спорт түрлерімен тұрақты айналысуға мүмкіндік береді. Ашылу салтанатына ел ағасы, генерал-жазушы Ержан Исақұлов, мемлекет және қоғам қайраткері Болат Жылқышиев, “AMANAT” партиясы облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбеталиев пен аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов қатысып, жергілікті тұрғындардың қуанышымен бөлісті. Жаңа кешен ауыл халқы үшін спортпен шұғылданатын орын ғана емес, мәдени-рухани орталыққа айналмақ. Мұнда отбасылар бірге келіп, бос уақытын тиімді өткізе алады. Салтанатты рәсімде ауыл халқы демеушілік жасаған Болат Жылқышиевке ризашылығын білдіріп, ат мінгізіп, шапан жапты. Соңғы жылдары Төлеби ауданында спорт саласы қарқынды дамып келеді. Бүгінде тұрақты түрде спортпен айналысатындар саны 51 мыңнан асып, бұл аудан халқының 42 пайызын құрап отыр. Қазіргі таңда өңірде 225 спорттық нысан халыққа қызмет көрсетуде. Кеңесарықтағы жаңа спорт кешені жастардың болашағына салынған инвестиция, ауыл жастарының жан-жақты дамуына арналған үлкен тарту болды.