Қазақ өнері орны толмас қазаға душар болды. Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының ардақты актері, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Сапар Өтемісұлы дүниеден өтті. Өнерге бар ғұмырын арнаған сахна саңлағы ұлттық театр тарихында өшпес із қалдырды.


 Театр сахнасында 200-ден астам рөл сомдаған ол Сырым, Ақан сері, Мәди, Абай сынды тарихи тұлғаларды көрерменге терең жеткізді. Классикалық қойылымдардағы дара ойынымен ерекшеленген актер Гогольдің «Подколесин» рөлі үшін халықаралық фестивальде жүлде иеленді. 1960 жылы театр табалдырығын аттаған Сапар Өтемісұлы 45 жылдан астам уақытын ұлттық өнерге арнады. Өнерге адал еңбегі үшін Қазақ КСР еңбек сіңірген әртісі атағына, Парасат орденіне және халықаралық марапаттарға ие болды. Өмірінің соңына дейін қазақ мәдениетінің өркендеуіне үлес қосқан сахна саңлағының есімі ел жадында мәңгі сақталады.