Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бүгін облыс орталығын аралап, жаңа жобалармен танысты. Жауапты сала басшылары мен қала әкімі әлеуметтік нысандарды салу бойынша ұсыныстарын жеткізді.
Алдымен өңір басшысына М.Абенова мен Тоған көшелерінің қиылысында бой көтеретін жаңа қалалық әкімдік ғимаратының жобасы таныстырылды. 1,4 гектар аумаққа салынатын нысанның қасбеті «Қолөнершілер орталығы» мен «Керуен сарай» кешендерімен үйлесімді болмақ. Құрылыс 14 ай ішінде аяқталады деп жоспарланған. Сондай-ақ әкімге Есімхан алаңының маңында салынатын «Руханият орталығының» жобасы көрсетілді. 0,44 гектар аумақта бой көтеретін екі қабатты ғимараттың құрылысы 7 айда тәмамдалуы тиіс. Бұдан бөлек, Н.Төреқұлов көшесінде орналасатын «Асыл мұра» саябағының құрылысы да таныстырылды. 6,2 гектар аумаққа салынатын саябақтың 4,2 гектары абаттандырылады. Жоба 10 айдың ішінде іске асырылмақ. Облыс әкімі жаңа нысандардың қала тұрғындары үшін маңыздылығын атап өтіп, құрылыс жұмыстарының сапасына ерекше назар аударуды тапсырды.