Шымкентте әлеуметтік осал топтағы азаматтардың мұржаларын тегін тазалап берді. Төтеншеліктер мұрындық болған акция Абай ауданына қарасты Қайнарбұлақ елді мекенінде өткізілді. Өрт қауіпсіздігі айлығы аясындағы шара жылыту маусымына дайындық жұмыстарының негізі болып табылады.


Газ инспекциясы қызметкерлері төтенше жағдайлар басқармасы мамандарымен бірлесе жүріп, үйлерді аралап, пештердің жай-күйін тексерді. Егер ақаулықтар анықталса, тұрғындарға тиісті нұсқамалар берілуде. Бұл жұмыстарға 30-ға тарта маман жұмылдырылды.


Газға улану мен өрт оқиғаларының көбі талаптардың сақталмауынан туындайды. Сондықтан мамандар тұрғындарға пешті дұрыс пайдалану, газ қондырғыларын қауіпсіз орнату және мұржаларды уақытылы тазалауға шақырып отыр.


Тұрғындар мамандардың түсіндірме жұмысына оң бағасын берді. Олар пеш пен мұржаны дер кезінде тазалау қыста отбасының қауіпсіздігі үшін аса маңызды екенін айтады.


Газ қондырғылары міндетті түрде арнайы бөлмеде орнатылуы тиіс. Бұл ең алдымен тұрғындардың өз қауіпсіздігі үшін қажет. Техникалық профилактиканы уақтылы жүргізу тұрғынның міндеті. Сондықтан әрбір үйде арнайы газ сигнализациясы орнатылып, қауіпсіздік талаптары қатаң сақталуы тиіс,-дейді мамандар.