Түркістан қаласында Қазақстан халқының тілдері күніне орай мерекелік кеш өтті. Шараны «Тілдерді оқыту және дамыту орталығы» мен облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» мекемесі бірлесіп ұйымдастырды.
Салтанатты жиын бейнеролик пен «Самғау» би ансамблінің өнерімен ашылды. Қала әкімінің орынбасары Мекенхан Қозыханұлы құттықтау сөз сөйлеп, еңбегімен ерекшеленген азаматтарға Алғыс хат табыс етті. Мерекеге айтыстың майталманы, «Алтын домбыра» иегері, «Құрмет» орденінің иегері Бекарыс Шойбеков пен «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысының орынбасары Ерназар Баетов арнайы қатысып, жүрекжарды тілектерін арнады.
ІЛИЯС МӘЖИТҰЛЫ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ҚАЗАҚ ТІЛІ ҚОҒАМЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ
Ел мәртебесі – тіл мәртебесі. Ана тіліміздің тұғыры әрқашан биік болсын, жасай берсін.
Қазақстан халқы Ассамблеясы мен этномәдени бірлестіктер де мерекеге үн қосты. Өзбек этномәдени бірлестігінің Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Зулпархан Чалданов сөз сөйлеп, жастар қазақ тілінде жыр оқыды.
Мерекелік кеш ұлттық өнермен әрленіп, қонақтарға күй мен әннен шашу шашылды. Домбыраның қоңыр үні мен патриоттық әндер көрермен көңілін баурап, тіл мерекесінің мәнін тереңдете түсті.
БЕКАРЫС ШОЙБЕКОВ, АЙТЫСКЕР АҚЫН
Баршаңызды Қазақстан халқының тілдері күнімен құттықтаймын. Әрбір халықтың тілі мен мәдениетін дамытуға барлық жағдай жасалған. Тілге көрсетілген құрмет – халыққа жасалған құрмет.
Айта кетейік, Тілдерді оқыту және дамыту орталығы 2011 жылдан бері өңір тұрғындарының тілдік құзыреттілігін арттырып келеді. Орталықта қазақ, орыс және ағылшын тілдері оқытылады. Курстар тыңдаушылардың жас ерекшелігі мен деңгейіне қарай бейімделіп, көптілді орта қалыптастыруға үлес қосып отыр.