Шымкент қаласы білім басқармасы әдістемелік орталығы ұйымдастыруымен Абай атындағы орталық кітапханада «Тіл мәртебесі – ел мәртебесі» атты дөңгелек үстел өтті. Іс-шараның мақсаты – мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, оның мәртебесі мен маңызын кеңінен насихаттау және өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін меңгеру деңгейін арттыруға ықпал ету. Толығырақ тілші материалында.
5 қыркүйек – Қазақстан халқының тілдері күні мерекесіне орай өткен жиын барысында мемлекеттік тілдің қоғамдағы мәртебесін көтеру, жастардың ана тіліне деген құрметін арттыру, тіл арқылы ұлттық құндылықтарды дәріптеу жолдары туралы баяндамалар жасалды. Іс-шараға тіл жанашырлары, оқырмандар, жастар, кітапханашылар және өзге ұлт өкілдері қатысты.
ЖАНСАЯ ҚАЙЫП, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ОРТАЛЫҚТАНДЫРЫЛҒАН КӨПШІЛІК КІТАПХАНАЛАР ЖҮЙЕСІ ОҚЫРМАНДАРҒА ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ БӨЛІМІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ
Көріп отырған жас оқырмандарымыз тыңдап отырған. Үлкен зиялы қауым өкілдерінің әрбір айтқан сөзін көңілге тоқып, рухани, ұлттық нәр беру болып табылады.Тілге қатысты іс-шара жылда атап өтіледі. Осы 5 кыркүйек – ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың туған күніне орай ұйымдастырылып отырады. Бұл жерде біз тек тілді айтып өтпей, Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсыновтың шығармаларын кеңінен дәріптейміз.
Жиында Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні атап өтілді. Сонымен қатар, ұлт ұстазының шығармалары оқылды. Айта кетейік, қазіргі уақытта елімізде 130-дан астам ұлт өкілдері өмір сүреді. Мамандардың айтуынша, өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін үйренуге деген құлшынысы едеуір артқан.
АЗИЗА ИСАЕВА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ІШКІ САЯСАТ ЖӘНЕ ЖАСТАР ІСТЕРІ ЖӨНІНДЕГІ БАСҚАРМАСЫ ҚОҒАМДЫҚ КЕЛІСІМ МЕКЕМЕСІНІҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ
Біз мемлкеттік тілге оқыту бойынша, үйрету бойынша жастармен көптеген жұмыстар атқарамыз. Бүгінгі шара соның бір көрінісі. Қаламыздағы тілдерді оқыту әдістемелік орталығымен тығыз байланыста жұмыс жасаймыз. Этностардың өкілдерін жинап аптасына 2 рет сабақ өтеді дедім ғой. Сейсенбі және бейсенбі күндері. Ол әрине ақысыз түрде.
Шара барысында қазақ тілін үйреніп жүрген жастар өз ойларымен бөлісті.
Дөңгелек үстелде мемлекеттік тілдің қоғамдағы орнын нығайту, жастар арасында оны дамыту және қолдану мәселелері кеңінен талқыланды.Талқылау барысында тіл саясатының тиімділігі, оның өзге ұлт жастары арасында қалыптасуына әсері, сондай-ақ ұлттық мәдениетті сақтау мәселелері көтерілді.
СЕВИНЧ АЗАМАТОВА, 3 КУРС СТУДЕНТІ
Мен өзім 11 жыл орыс мектепте орыс сыныпта оқыдым. Алайда қазақ тілін кішкентай кезімнен ата-анам үйретті. Өз ана тіліңнен бөлек мемлекеттік тілді білу маңызды деп маған тәрбие берген ата-анам және осының арқасында болашақ қазақ тілі және әдебиеті мұғалімі, осы мамандықты мен өзім қалап таңдадым. Жалпы өз ана тілім өзбек тілі. Қазақ тілін, орыс тілін жетік білемін. Ағылшын және түрік тілдерін жақсы білемін.
Жиын қорытындысында мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру және жастардың белсенділігін арттыру мақсатында жаңа ұсыныстар мен бастамалар жасалды. Айта кетерлігі, мемлекеттік тілдің мәртебесін дамытуға және қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған осы тақілеттес жиындар алдағы уақытта да дәстүрлі түрде өткізілмек.