Шымкентте әкімдік пен «Қазақтелеком» АҚ арасында меморандумға қол қойылды. Құжатқа қала әкімі Ғабит Сыздықбеков пен компанияның Басқарма төрағасы Бағдат Мусин қол қойып, «Smart Shymkent» жол картасын іске асыруға уағдаласты.


 Келісім аясында тұрғындарға жайлы орта қалыптастыруға, қауіпсіздікті арттыруға және экологиялық жағдайды бақылауға бағытталған заманауи цифрлық шешімдер кезең-кезеңімен енгізіледі. Жоба шеңберінде инфрақұрылымды бақылаудың орталықтандырылған жүйесі құрылады. Дрондардың бірыңғай инфрақұрылымы арқылы жол жөндеу, қоқыс шығару, жол белгілерін орнату жұмыстары бақыланады. Сондай-ақ заңсыз құрылыс пен қоқыс үйінділеріне де қадағалау күшеймек. Мұндай тәжірибе бұған дейін Ақмола облысында сәтті жүзеге асқан. Енді озық технологиялар Шымкентте сынақтан өткізіліп, толық интеграцияланады. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жаңа жоба қала тұрғындарының өмірін жеңілдетіп, қауіпсіздігін қамтамасыз ететінін айтты.