« ҚР Сайлау туралы» Заңына сәйкес, Түркістан облысы, Сайрам ауданының әкімін сайлау 2025 жылдың 5 қазанына белгіленді. Бүгінде 89 сайлау учаскесінде қызу дайындық жұмыстары жүргізілуде. Бос лауазымнан үмітті 3 кандидат тіркеліп, үгіт – насихат жұмыстарын жалғастыруда, дейді аумақтық сайлау комиссиясы.
Аталмыш аудан бойынша 89 сайлау учаскесі, 13762 сайлаушы бар. Одан бөлек, 4 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі азамат тіркеліпті. Оларға сайлау учаскелерінде барынша қолайлы жағдай жасалған. Ауданда 635 сайлау комиссиясы дауыс берудің ашық, әділ, мөлдір өтуін қадағалайды. Олардың бәрі де заңнама тұрғысынан, сайлаудың тәртібін ұйымдастыру бойынша 2 кезеңдік оқудан өткен. Сондай –ақ, байқаушылармен де жұмыс жасалғанын, Сайрам аудандық аумақтық комиссиясы мәлімдеді. Биылғы сайлаудың ерекшелігі, дамыған демократиялық елдердегідей дауыс беру кабиналары қойылған. Сондай -ақ, халық ескі кабиналарда да бюллетеньдерін белгілей алады.