Адамдарды ұлтқа біріктіретін түрі мен тілі емес. Дәстүрі, салты, ойы бір жандар ғана ұлтқа ұйысады. Мегаполиске арнайы келген ғалым Жамбыл Артықбаев осындай ойын жеткізді. «Дәстүрім – асыл қазынам» атты семинарды тілші әңгімелейді.


Қарға тамырлы қазақ рулардан құралған. Дәстүрі бір тайпалар бір тудың астына бірігіп, ұлан-ғайыр жерді иемденіп, ұрпағына мұра еткен. Қазір қазақ елінде 130-дан астам ұлт пен ұлыс бар. Барлығының мақсаты – бір.


ЖАМБЫЛ АРТЫҚБАЕВ, Т.Ғ.Д, ПРОФЕССОР

 – Өзге этнос өкілдері де қазақ ұлтына қосылуы керек. Заңдылық солай өзі. Қосылу процесі қалай болмақ? Кеше ғана ассамблеяда сөйледім, шала қазақ мәселесі туралы…


 Семинарға БАҚ саласының ардагері Гүлмария Барманбекова да арнайы шақыртылыпты. Белгілі журналист бұл кездесудің маңыздылығына тоқталды. Ынтымақ-бірлікке негізделген баяндамасын дайындап, дәстүр мен салттың ықпалын сөз етті.


ГҮЛМӘРИЯ БАРМАНБЕКОВА, ҚР ЖУРНАЛИСТЕР ОДАҒЫНЫҢ МҮШЕСІ

 – Бұл тақырып этнографтардың, тарихшылардың, философтардың оң жамбасына келетін тақырып. Мен осы мамандықтардың бірі де емеспін. Мен бар болғаны ұлтымның дәстүрін терең түсініп, зерттеп-зерделеп, өзімнің көріп-білген басқа мемлекеттерден артықшылықтарын салыстырып, сараптап жүрген жанмын.


Жиынға мегаполистегі зиялы қауым өкілдері де келді. Дәстүрлі әндерді насихаттап жүрген әжелер ансамблі де семинардың ажарын ашты. Әр баяндамадан кейін жастар сұрақтарын жаудырып, танымды кеш қызу әңгімемен жалғасты.