1-қазан – Қазақстанда жоғары білім қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Атаулы күнді Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті айрықша атап өтті. Білім ордасының ұжымы мен студенттері «Ғұмырын білімге, жүрегін елге арнаған ардақтылар» атты концерт ұйымдастырды.


 Бұл мереке жас мамандарды даярлауға үлес қосып жүрген әрбір ұстазға ортақ. Кәсіби күні университет оқытушылары марапатталып, құрметке бөленді. Еңбегі еленген ұстаздарға алғыс хат табысталды.


 СЕДЕП САЙЛАУБАЙ, ОФИС ТІРКЕУШІСІ

Студенттер өте тәрбиелі, білімді деп айтсақ болады. Мұғалімдердің адал еңбегінің осылай бағаланғанына қуаныштымын. Бұл мерекенің қатарынан екінші жыл өткізіліп жатқаны да біз үшін маңызды. Болашақ педагогтарды дайындау оңай емес. Сондықтан әр ұстаздың еңбегі зор. Барлығына күш-қуат, жігер тілеймін.


 Шараға студенттер де белсене қатысты. Ұстаз – ұлт айнасы екенін айтқан жастар сахнада ән шырқап, би биледі.


ЖАНБОЛАТ КЕҢЕСБЕКОВ, СТУДЕНТ

Ұстаздық қылған жалықпас, үйретуден балаға» дейді. Иә, ұстаз болу өте күрделі. Бұл – тек білім беру ғана емес, жас ұрпақты келешекке жетелеу. Мұғалімдерді әрдайым құрметтеу қажет. Оларды марапаттап, қолдау – ұлттың басты міндеттерінің бірі деп ойлаймын.


Университет басшылығы ұжым қызметкерлері мен профессор-оқытушылар құрамын кәсіби мерекемен құттықтап, білім саласына қосқан үлестерін атап өтті.


 ӘЛІБЕК НҰРТАЕВ, Ө.ЖӘНІБЕКОВ АТЫНДАҒЫ ОҚПУ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ-РЕКТОР МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ

Кез келген маманды дайындайтын – ұстаз. Біздің оқытушы-профессорларымыз педагогика саласын жоғары деңгейде дамытып қана қоймай, ғылымға да айтарлықтай үлес қосып жүр. Осындай шаралар ел экономикасының өркендеуіне септігін тигізеді. Сондықтан бүгінгі кәсіби мерекеде барша әріптестерімізді шын жүректен құттықтаймыз.


Айта кетейік, қазіргі таңда Ө.Жәнібеков университетінде 434 оқытушы-профессор еңбек етуде. Оның 18-і – ғылым докторы, 172-сі – ғылым кандидаты. Сондай-ақ, 35 PhD, 90 аға оқытушы мен 87 оқытушы жас мамандарды тәрбиелеуде.