1 Қазан - Халықаралық қарттар күні. Айтулы күнде, түркістандық ардақты ардагерлеріміз бен қазыналы қарияларымыз ерекше ілтипатқа бөленді. Оларға арнайы дастархан жайылып, мерекелік кеш ұйымдастырылды. Толығырақ алдағы сюжетте.
Мерекелік шараға жүзден астам қария шақырылған. Олардың қатарында еңбек ардагерлері, соғыс және тыл ардагерлері, ұзақ жылдар бойы қоғам дамуына үлес қосқан абзал жандар бар. Солардың бірі, 40 жыл ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған Сара Таңатарова. Зейнеткер мереке қарсаңында Түркістан қаласына сіңірген еңбегі үшін медалімен марапатталды.
Шара барысында қарияларға арнап арнайы дастархан жайылып, концерттік бағдарлама ұсынылды. Жергілікті өнерпаздар өз өнерлерін паш етіп, қазыналы қарттардың көңілін бір серпілтіп тастады.
Түркістан қаласы бойынша бүгінде 15 мыңнан астам зейнеткер бар болса, оның 3 мыңға жуығы 70 жастан асқан ақсақал екен. Мерекелік кеште бірқатар қарияларға қала әкімінің және мәслихаттың Алғыс хаты табысталып, көңілдері бір марқайып қалды.