Мұғалім оқушыға қол көтеріп, жұдырық жұмсаса – қылмыстық жауапкершілік арқалайды. Яғни, оқушыны ұрып-соғып үйретуге тыйым салынады. Аға прокурор Дінислам Әлжанның айтуынша, соңғы кездері кәмелет жасына толмағандарға жасалатын әлімжеттік фактілері жиілеген. Жасөспірімдердің қатысуымен қылмыстық деректер де тіркеліп отыр.


Қоғамда ұстаздың шәкіртін жазалауы, қол жұмсап, қаталдық танытуы қалыпты жағдай саналатын. Бұрындары мұндайды жөнге салу тәсілі деп қабылдағандар да көп еді. Десе де, заман өзгерді, заң үстемдігі күшейді. Прокурордың сөзінше, мұндай әрекет заң бұзушылық болып есептеледі.


ДІНИСЛАМ ӘЛЖАН, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ АҒА ПРОКУРОРЫ

– «Кәмелетке толмағандармен жұмыс барысында өзіне жүктелген міндеттерді тиісінше орындамау деп көрсетілген. Ол бойынша қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Аталған қылмыс түрі теріс қылықтар қатарына жатады» 


Студенттерге әлімжеттік пен психологиялық қысым ұғымдары түсіндіріліп, себеп-салдары айтылды. «Тәрбиелі ұрпақ – ел тірегі» атты іс-шараның мақсаты да осы. Залда отырған 600 жастың әрқайсысына заң мен жауапкершілік туралы түсінік берілді. Жыл басынан бері 52 мың студентке буллингтің алдын алу бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілген.


ЖІБЕК МҰРАТҚЫЗЫ, ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ КММ БӨЛІМ БАСШЫСЫ

– «Жастар арасында, достар арасында әзілдеп тиіскеннің өзі буллинг болып саналады. Сондықтан барынша балаларға профилактикалық түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз.»  «Бұл енді жеке адамның шекарасынан өту болып есептеледі. Оның дұрыс еместігін айтып түсіндіреміз.» 


Буллинг тек дос-жаран, құрбы-құрдас арасындағы әлімжеттік емес. Оның аясы әлдеқайда кең. Психологтың айтуынша, бұл қатарға қатал әке мен агрессор ана да кіреді. Маманның сөзінше, баланы жекіп, ұрып-соғып тәрбиелеу – жасық әрі мейірімсіз тұлға қалыптастырады.


АЛТЫНБЕК БОРАНБЕК, AZ-UIA ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ ПЕДАГОГ-ПСИХОЛОГЫ

– «Мысалы, баласын шыңдап, ер мінезді еткісі келген әке боқтап, жекіп айтқан сөзімен оның сағын сындырады, рухын басады.»  «Тәрбиенің өзі мейіріммен болғаны дұрыс. Қалай сіңірсеңіз, солай қайтады. Қатал сіңген тәрбие ертең қаталдық болып көрінеді.»«Агрессияны сіңірген бала өседі. Ертең ол әкесіне қол көтеретін деңгейге жетеді.»


Медициналық колледж студенті Ұлжан Адасова кездесудің пайдалы болғанын айтады. Оның пікірінше, біреуге күш көрсетіп, қысым жасау – өзіне сенімі төмен, әлсіз адамның әрекеті.


ҰЛЖАН АДАСОВА, СТУДЕНТ

 – «Сыпайылық, бір-біріне деген адамгершілік, сыйластық жоғары болуы керек деп ойлаймын. Қазіргі іс-шарада да осы мәселелер кеңінен айтылды.» 


 Іс-шара сұрақ-жауап форматында жалғасып, студенттер көкейкесті сауалдарға жауап алды.