Қалада мектеп формасын сақтамаған 400-ден аса оқушы анықталды. Әсіресе, тұлымшағы желбіреп жүретін жаста білім ошағына орамал тағып баруға ниетті оқушы қыздар қатары көбейген. Жауаптылар енді талапқа бағынбайтын балалардың ата-аналары үстінен іс қозғалатынын қатаң ескертті. Баспасөз отырысында көтерілген мәселелер төңірегінде Шынар Әуелбай толығырақ....
ШЫНАР ӘУЕЛБАЙ, ТІЛШІ:
Белгілі болғандай қазір қаладағы 62 жалпы орта мектептің 409 оқушысы талапты сақтамай отыр. Ал, бұл мәселені шешу үшін арнайы Кеңес құрылған. Оның құрамына мектеп қызметкерлері, білім басқармасының өкілдері, учаскелік полиция қызметкерлері және теолог мамандар енгізілді. Кеңес мүшелерінің қатысуымен ата-аналар жиналыстары өткізіліп, мектеп формасына қойылатын талаптар мен ішкі тәртіп ережелерін сақтау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде, мектеп формасын сақтамайтын оқушылардың тізімі жасалып, олар мектепішілік есепке алынды.
СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ, РЕСМИ ӨКІЛ
Бұған да жауапкершілік қарастырылған. Кодекстің 409-бабы 2-тармағы бойынша жауапкершілік алуын қамтамасыз етуге толықтай мүмкіндік бар. 2024-2025 оқу жылында шаһардағы 74 жалпы орта мектепте 563 оқушының мектеп формасын сақтамайтыны анықталып, 326 ата-ананың құжаттары Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментіне жолданған еді. 90 әкімшілік іс қозғалып, 63 ата-анаға ескерту берілген, ал 27-сіне айыппұл салынды.
С.ҚҰРАНБЕК: ШЫМКЕНТ- ЖЕҢІЛ АТЛЕТИКАНЫ ДАМЫТУҒА ҚОЛАЙЛЫ АЙМАҚ
ШЫНАР ӘУЕЛБАЙ, ТІЛШІ:
Бұдан бөлек, брифинг барысында әкімдіктің ресми өкілі шаһарды жеңіл атлетиканы дамытуға қолайлы аймақ екенін тілге тиек етті. Қазір бұл бағытта да атқарылып жатқан шаруа көп. Айталық, Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы «Орталық» стадион толық жаңартылып, заманауи спорттық инфрақұрылым деңгейіне көтерілген.
СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ, РЕСМИ ӨКІЛ
Осы Қ.Мұңайтпасов атындағы орталық стадионда табиғи газонды толықтай алмастырып, автоматты суару жүйесін орнатты. Бұл жұмыстарды бұған дейін Алматы, Семей, Ақтөбе және Түркістан қалаларындағы орталық стадиондарда осындай жұмыстарды атқарған мамандандырылған компания жүзеге асырды. Жоба «Ордабасы» футбол клубы тартқан демеушілік қаражат есебінен орындалды. Жалпы құны – 78 млн теңге.
ШЫНАР ӘУЕЛБАЙ, ТІЛШІ :
Айта кету керек, жаңғырту жұмыстары жанкүйерлерге жайлы жағдай жасауға және футболдық іс-шараларды жоғары деңгейде өткізуге бағытталды. Жобалық өзгерістер болашаққа деген сенім мен спортқа қамқорлықтың , жанкүйерлерге көрсетілген құрметтің нақты көрінісі.