Сайрам ауданында ірі инвестициялық жоба қолға алынды. Мұнда бір мезетте 10 мың басқа дейін ірі қара мал бордақыланатын заманауи кешен бой көтеруде. Жоба аясында жоғары технологиялық мал сою алаңы да іске қосылады. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады.


Құны 3 жарым миллиард теңгеден асатын жоба өңірдегі мал шаруашылығы саласына жаңа серпін бермек. Кәсіпорын толық іске қосылған кезде жылына 20 мың тоннаға дейін ет өнімін өндіруге мүмкіндік туады. Өнім тек ішкі нарықты қамтып қана қоймай, экспорт көлемін арттыруға да бағытталады. Қазір құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Мамандардың айтуынша, кешен заманауи технологиямен жабдықталып, өндіріс процесінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Жоба іске қосылған соң жаңа жұмыс орындары ашылып, өңір экономикасына қосымша инвестиция тартуға жол ашылады. Нысанды толық пайдалануға беру 2027 жылға жоспарланған. Ірі жоба азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, отандық ет өндірісінің әлеуетін арттыруға ықпал етпек.