Табиғатты қорғау – тек мамандардың емес, әр адамның міндеті. Осы мақсатта Шымкентте студент жастарға арналған экологиялық сағат ұйымдастырылды. Жиында суды үнемдеу, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселелері сөз болды. Мамандар табиғи ресурстарды сақтауда жастардың рөлі ерекше екенін айтты.
Қазір елімізде су үнемдеу жұмыстары бірнеше бағытта қолға алынған. Әсіресе ауыл шаруашылығы саласына тіршілік нәрін үнемдейтін технологияларды енгізу міндеттеліп отыр. Бұл бағытқа мемлекет тарапынан субсидия бөлінуде. Мамандардың айтуынша, суды ең көп пайдаланатын салалардың бірі – өнеркәсіп.
АЙГҮЛЬ РУСТЕМОВА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ТЕХНИКАЛЫҚ ЖӘНЕ КӘСІПТІК БІЛІМ БЕРУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ
«Бүгінгі іс-шарамыз “Эколог сағаты” деп аталады. Бұл шара Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай ұйымдастырылып отыр.»
Мамандардың сөзінше, алдағы бес жылда суды қайта пайдалану жүйесін енгізу арқылы жыл сайын 1,7 миллиард текше метр су үнемдеуге мүмкіндік бар. Бүгінгі басқосуда табиғатты қорғауға үлес қосып жүрген жастар өз тәжірибелерімен бөлісіп, экологиялық бастамаларын таныстырды.
ЕРКЕБҰЛАН АШИРАЛИЕВ, СТУДЕНТ
«Бүгінгі іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Баршаңызды “Таза Қазақстан” акциясын қолдауға, табиғатты аялауға шақырамыз.»
Шараға 100-ден астам студент қатысты. Жиында жастар су үнемдеудің маңызы туралы пікір алмасып, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған бастамаларды талқылады. Сондай-ақ, қатысушылар табиғатты аялауға үндейтін экологиялық акцияларға белсенді атсалысуға шақырды.