Шағын футболдан Шыршықбай Мұсалиевті еске алуға арналған дәстүрлі турнир ұйымдастырылды. 19 жылдан бері жылына екі рет өткізіліп келе жатқан спорт сайысында бұл жолы 4 команда бақ сынады.


Шыршықбай Мұсалиев – темір жол саласында 38 жыл еңбек еткен ардагер. Бұл турнир оның еңбегін ұлықтап, жас ұрпаққа үлгі етуге және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған. Жарысқа спорт ардагерлері мен мектеп оқушылары қатысты.


БАҚЫТ МҰСАЛИЕВ, ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ
«Ардагерлердің ең жасы 71-де. Барлығы 60 жастан асқан. Басты мақсатымыз – футболды, спортты насихаттау.»


САҒЫМБЕК НҰРМАҒАНБЕТОВ, «НАУРЫЗ» АРДАГЕРЛЕР ФУТБОЛ КЛУБЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ
«Әр адам спортпен айналысып, салауатты өмір салтын ұстануы керек. Спортпен айналысқан жан қызметте де жетістікке жетеді деп ойлаймын.»


Турнирде 37 жылдық тарихы бар «Наурыз» ардагерлер клубының мүшелері де өнер көрсетті. Олар жастар командасына қарсы ойнап, спорттың маңызын көрсетті. Ардагерлердің әбжіл қимылы мен дәл соққылары жас ойыншыларға үлкен үлгі болды.


 ТҰРАН ӘБІЛМАНСҰР, ОҚУШЫ
«Бұл бізге үлкен мотивация. Ардагерлердің үлгісі бізді салауатты өмір салтын ұстануға жетелейді.»


Ұрпақтар сабақтастығын жалғаған турнир соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер кубоктармен және медальдармен марапатталды.